Көркем әдебиетте аңыздық проза жанрларының қолданысы
Авторы: Жазықбай Қ.Ж.
Издательство: EDP Hub (Идипи Хаб), Ай Пи Ар Медиа
«Көркем әдебиетте аңыздық проза жанрларының қолданысы» атты оқу құралында қазақ фольклорындағы аңыздық прозаның жанрлық жүйесі, типологиялық ерекшеліктері және көркем әдебиеттегі қызметі теориялық әрі тәжірибелік тұрғыдан қарастырылады. Аңыздық проза жанрларын зерттеудің ғылыми-теориялық алғышарттары сараланып, олардың қазақ және түркі халықтарының фольклортану ғылымында зерттелу тарихына шолу жасалады. Сонымен қатар аңыздық прозаның түрлері мен олардың халықтың дүниетанымын, тарихи жадын, наным-сенімін және рухани тәжірибесін танытудағы маңызы айқындалады. Оқу құралында миф, хикая, әпсана, хикаят және аңыз жанрларының өзіндік белгілері жеке-жеке талданады. Мифтің типологиялық сипаты мен көркем шығарма композициясын құрудағы қызметі, хикаяның әдеби туындының көркемдік құндылығын арттырудағы рөлі, әпсананың интермәтіндік байланыс қалыптастыру мүмкіндігі нақты мысалдар негізінде түсіндіріледі. Хикаяттың көркем әдебиеттегі қолданысы психологизм мәселелерімен сабақтастықта қарастырылса, аңыздың көркемдік игерілу ерекшеліктері кеңістік пен уақыт категориялары аясында зерделенеді. Фольклорлық сюжеттер, мотивтер мен образдардың авторлық шығармашылықта жаңғыру, түрлену және жаңа мағыналық сипатқа ие болу жолдары көрсетіледі. Басылымның мақсаты — білім алушыларға аңыздық проза жанрларын бір-бірінен ажырата білудің ғылыми өлшемдерін меңгерту, фольклор мен жазба әдебиет арасындағы көркемдік-генетикалық байланыстарды талдау дағдыларын қалыптастыру және әдеби мәтінді жанрлық, композициялық, интермәтіндік, психологиялық, хронотоптық тұрғыдан зерттеуге бағыт беру. Оқу құралы филология және әдебиеттану білім беру бағдарламалары бойынша оқитын жоғары оқу орнының студенттеріне, магистранттарға, докторанттарға, оқытушыларға, сондай-ақ қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеушілерге арналған. «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын және «Фольклортану тарихы мен теориясы» пәнін оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне ұсынылады.